Arxiv
ELMİ İŞ - 2025
Шахаров Ықылас Өскенбайұлы
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Түркология ғылыми-зерттеу институты
e-mail: ykylas.shakharov@ayu.edu.kz
ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ЖӘНЕ ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫ
Кілт сөздер: Әлихан Бөкейхан, «Қазақ» газеті, алаш идеясы, ұлттық көзқарас
Key words: Alikhan Bokeikhan, «Kazakh» newspaper, Alash’s idea, national view
Ключевые слова: Алихан Букейхан, газета «Казах», идея Алаш, национальное воззрение
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінде жарияланған материалдарға зер салсақ, өз ұлтының бітім-болмысын жетік білетін қазақ зиялылары заман құбылыстарын қалам ұшына іліктіріп, шығармаларына арқау еткенде қоғамның беталысын шынайы бейнелеуге тырысты. Яғни, саяси-қоғамдық дамудың шарықтау шегіне жетіп тұрған кезеңде өмір сүріп отырғандықтан, Алаш ардақтыларының шығармашылық еңбегін туған халқының азаттық жолында ұлттық мүдделерімен ұштастыра білгені маңызды болды. Кемел біліммен толысып, шұрайлы тілге нәр берген, қазақтың ертеңі қалай боларына сол арқылы ой жүгірткен үлкен әдеби толқын осы тұста қалыптасты. «Қазақ» газетінің негізгі авторлары, әдеби сынның ұлттық әдебиеттің жетекші бір жанрына айналуына қалам қайратымен зор үлес қосқан Алаш басшылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқа да көрнекті ұлт зиялылары «өздерінің әдеби шығармаларының беттерінде демократиялық мәндегі мәселелерді көтерді. XIX ғасырда шыққан алғашқы қазақ газеттерінде әдеби сын тұрғысындағы мақалалар жарияланған жоқ, әдебиетке қысқаша шолу, шағын пікірсайыс, библиографиялық анықтама сипатындағы сын белгісі бар материалдар ғана бой көрсетті. Соның өзінде бұл мақалалар XX ғасыр басында қазақ руханиятының өркендеуіне жол ашты. Ә.Бөкейхановтың «Қазақ» газетінде басылған сын мақалаларында мол әдеби, тарихи – этнографиялық мәліметтер бар болды. Әдебиеттегі маңызды еңбектерінің бірі - Шәкәрім Құдайбердиевтің 1912 жылы жарық көрген кітабы «Қалқаман-Мамыр»[1] туралы, Шәкәрім Құдайбердиевтің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» [2] атты кітабына сын мақала арнайды. Бұл мақалада қазақ елінің тарихы, шыққан тегі туралы құнды деректер молшылық. 1914 жылы Орынборда «Үміт» баспасынан жарық көрген «Қарақыпшақ Қобыланды батыр» [3] кітабына да сын мақаласын жариялайды. Осы мақалада Ә.Бөкейханов Абай өлеңдеріне, Шәкәрім Құдайбердиевтің «Шежіресіне» Шоқан Уалихановтың ғылыми еңбектеріне сілтеме жасай отырып, жырдың көркемдігі туралы, тарихы туралы көптеген құнды мәліметтер келтіреді.
Baxış: 1126